Қарағандыдағы 7 жыл бұрын құлаған «Бесоба» кешенінің тұрғындары әлі күнге үйсіз жүр

Далада қалған 60-тан астам отбасына 2014 жылы баспана берілге тиіс еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағандыда 7 жыл бұрын құлап қалған «Бесоба» тұрғын үй кешенінің жұрты пәтерлерін әлі ала алмай жүр. Шыдамы таусылған жұрт жергілікті әкімдіктен құрылысты тез арада аяқтауды талап етті,  деп хабарлады Спутник.кз.

2014 жылы 60-тан астам отбасына баспана берілуі тиіс еді. Алайда, апатты ғимараттың орнына салынып жатқан көп қабатты үйдің құрылысы әлі күнге дейін аяқталмаған. Бүгін шыдамы таусылған жұрт Қазыбек би атындағы аудандық прокуратура ғимаратына жиналып, жергілікті әкімдіктен құрылысты тез арада аяқтауды талап етті,

«Сіздер наурыз айында бітіріп, кілтті береміз дедіңіздер. Қазір мамыр аяқталуға айналды. Нақты мерзімін, қай уақытта берілетінін айтыңыздар», - деді Қарағанды қаласының тұрғыны Бақыт Дүйсебекқызы.

«Барынша тез тапсыруға тырысып жатырмыз. Бұдан артық қандай жауап керек? Нақты күнін айта алмаймын. Қалған жұмыстың көлеміне қарауымыз керек. Мақсатымыз – сіздерге кілтті жылдам тапсыру», - дейді Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Жақсылық Шалабеков.


Бөлімнің мәліметінше, алғашқы мердігер компания құрылысты аяқтай алмаған соң, екіншісімен келісім-шарт жасасуға тура келген. Оның үстіне алғашында пәтердің бір шаршы метрі 90 мың теңгеге бағаланса, кейін құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты ол 136 мың теңгеге көтерілген. Сондықтан қазіргі таңда мердігер компания үйді демеушілер тарту арқылы салуға мәжбүр болып отырғандарын жеткізді. Жаңа баспанада жеделсаты мен сантехника орнатылмаған. Ішкі әрлеу жұмыстары мен ауласын абаттандыру да тоқтап тұр. Жылдар бойы пәтер жалдаудан шаршаған кей азаматтар пәтерлерін өз қаражаттарына жөндеуге кіріскен.

«20 жыл ақша жинадым, 20 жыл. Содан осы 2 бөлмелі пәтерді алдым, 80 шаршы метр. Сосын құлатты. Одан кейін қаңғырып жүрміз. Өз ақшама қайта жөндеп жатырмын. Бұларда не ақша жоқ, не жұмыскер жоқ. Отырамыз ба тозып?», - деп ашынды қала тұрғыны Қанат Әшірбеков.

Еске салсақ, 2012 жылы сәуір айында Қарағанды қаласындағы «Бесоба» тұрғын үй кешенінің бірі құлап қалған болатын. Бұдан кейін жүзден астам отбасы қауіпсіз жерге көшіріліп, көп қабатты ғимарат бұзылды.


Новости партнеров