ҚР Қорғаныс министрі Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

gov.kz
gov.kz
Біздің ортақ міндетіміз – соғыстың болуына жол бермей, еліміздің тыныштығын сақтап, болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлау
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Қорғаныс министрі Ермекбаев Нұрлан Қарулы күштердің жеке құрамын Отан қорғаушылар күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нұрлан Байұзақұлы Қарулы Күштер құрылған сәттен бастап еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығының кепілі екенін атап өтті.

«Құрметті генералдар мен офицерлер, сержанттар мен старшиналар, сарбаздар мен матростар!

Ардақты ардагерлер!

Сіздерді Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын!

Отан қорғау деген қастерлі мамандық сіздің өміріңіздің мәніне айналды. 7 мамыр –  барлық әскери қызметшілердің ортақ кәсіби мерекесі.

Сіздің әскери борышқа берік, антқа адал болу қасиетіңіздің арқасында ел іргесі бүтін, аспаны ашық, халқымыз бейбіт өмір сүруде.

Қарулы Күштер құрылған сәттен бастап еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығының кепілі болып табылады.

Елбасының сындарлы саясаты арқасында  аз уақыт ішінде кез келген жағдайда әрекет етуге дайын, қорғаныс қабілеті жоғары, қазіргі заманға сай армия құрылды.

Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұдайы қамқорлығы арқасында осы алған бағыттағы жұмыс сабақтастықпен жалғасуда.

Армиямыздың қуаты күннен-күнге артып, әскеріміздің жауынгерлік әлеуеті күшеюде.

Қазіргі Қарулы Күштер келбеті 21-ші ғасыр армиясының барлық көрсеткішіне толық сәйкес келеді.

Қазақстан жауынгерлері 76 жыл бұрын адамзат тарихындағы алапат соғыста жанқиярлық ерлігімен Жеңіске жеткен ата-бабамыздың дәстүрлі мұрасын абыроймен жалғастыруда.

7 және 9 мамырдағы мерекелердің ұрпақтар сабақтастығы ретінде қатар атап өтілуі де ерекше маңызды.

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!  Уақыт өткен сайын Ұлы Жеңістің тарихта алатын орны ерекшеленіп, маңызы арта түсуде. Бұл – бүкіл адамзат үшін өмір сүру құндылығын, бағыт-бағдарын айқындап берген тарихи оқиға. Біз бұл шежірені ұрпақтан-ұрпаққа қастерлеп жеткізуге міндеттіміз.  

Өскелең ұрпақ Ұлы Отан соғысындағы батырлардың ерлігіне тағзым етіп, әрқашан үлгі алып, мақтан тұтуға тиіс.

Біздің ортақ міндетіміз – соғыстың болуына жол бермей, еліміздің тыныштығын сақтап, болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлау.

Қан майдандағы шайқаста Жеңіс туын желбіреткен, тылдағы қажырлы еңбегімен Жеңісті жақындатқан  қымбатты ардаргерлер, бейбіт өмірде ел тыныштығын қорғауда тұрған жауынгерлер, мереке күні құтты болсын!

Сіздерге қасиетті Отанымыз – Қазақстанның  айбынын асқақтатып, оны қорғау жолындағы абыройлы істе толағай табыс тілеймін», — деді Қорғаныс министрі. 

Айта кетейік, Президент Қ.Тоқаев, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев қазақстандықтарды мерекемен құттықтаған еді.

Новости партнеров