Шымкентте бала кір жуғыш машинаның ішінде қалып қойды

17.09.2019 16:27

Шымкентте құтқарушылар баланы кір жуғыш машинадан әрең шығарды. Оқыс оқиға 16 қыркүйек күні кешке болған.

Шымкенттегі Асар-2 шағын ауданында 3 жасар бала жартылай автомат кір жуғыш машинаның ішіне кіріп, шыға алмай қалған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

16 қыркүйек күні кешке шаһардағы Асар-2 шағын ауданының тұрғыны қалалық төтенше жағдайлар департаментінің диспетчеріне хабарласып, ұлының аяғы кір жуғыш машинаның ішіне қыстырылып қалғанын айтқан.

«Ата-ана баласын кір жуғыш машинаның ішінен шығармақшы болғанмен, одан еш нәтиже болмаған», - дейді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің ішкі және сыртқы коммуникация бөлімі.

Оқиға орнына 4 құтқарушы шұғыл аттанған. Олар темір кесуге арналған қайшының көмегімен баланың аяғын кір жуғыш машинаның ішінен шығарған.

Бүгінде баланың жағдайы қанағаттанарлық.