Әуе кемесінен өздігінен жазғыш құралдары мен борт журналы алынды
«Fokker-100» жолаушылар әуе кемесінің апатқа ұшырау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады. Тергеу барысында барлық құжаттар, аудио және бейнежазбалар зерттеледі. Әуе кемесінің жай-күйіне бірқатар сараптама, оның ішінде өрт-техникалық және көліктік - трассологиялық сараптама тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тергеушілер әуе апатына әкеп соқтырған барлық оқиғалардың хронологиясын қалпына келтіреді. Осы мақсатта қызметкерлер ұшуды ұйымдастыру мен өткізуге қатысатын барлық жердегі және авиациялық қызметтердің жұмысын тексереді, жауапты тұлғалардан жауап алу және осы рейстің жолаушыларынан сауалнама алу жүргізіледі. Бүгінде әуе кемесінен өздігінен жазғыш құралдары мен борт журналы алынған. Қазіргі уақытта ұшақтың құлау ауданын тексеру жалғасуда. Халықаралық талаптарға және осы санаттағы қылмыстық істерді тергеу ерекшеліктеріне сәйкес оған халықаралық авиация комитетінің және ұшақты дайындаушы зауыттың өкілдері де қатысады, олармен бірге алынған өздігінен жазу құралдарындағы жазбалардың мәнін анықтау, кеме қозғалтқышы мен оқиға орнын тексеру жүргізіледі. Жедел-тергеу тобы бірнеше нұсқаларды, соның ішінде кеменің техникалық ақауын, ауа райы және метеорологиялық жағдайларды, сондай-ақ ұшу кезінде жіберілуі мүмкін қателерді пысықтайды.