Зардап шеккен полицейлердің саны 95-ке жетті
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, аймақтарда қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталды. Сондай-ақ министрлік қақтығыстың Алматыда ғана емес, сонымен қатар Шымкент, Тараз қалаларында да болғанын айта келе, зардап шеккен полицейлердің саны 95-ке жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
4 қаңтар күні Алматыда басталған бейбіт шеру, өкінішке қарай, жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Өртке оранып саутамтығы қалмаған көліктер, қираған есіктер және шытынаған әйнектер.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5-19 қаңтар аралығында Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ Алматыда бүгіннен бастап сағат 23:00-ден таңғы 07:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді.
Ендігіде тәртіп сақшылары тұрғындардың құжаттарын тексеріп, көлік қатынастары шектелмек. Бұл жағдайдың ушығып кетпеуі үшін құқық қорғау органдарының жіті бақылауында болады.