Мемлекет басшысы дәрігерлер мен еріктілерге алғыс айтты

01.09.2020 16:28

Бұл – Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі

Фото: Тұңғыш Кесебаев

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерге, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне және еріктілерге алғыс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Парламенттің кезекті сессиясының жұмысы өте күрделі кезеңде басталып отыр. Елімізде жер жаһанда зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болып, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды. Дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай жағдайға бей-жайқалмаған барлық азаматқа шын жүректен алғыс айтамын. Сіздер айрықша табандылықтың және зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер», – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялау барысында. ҚР Президентінің айтуынша, бұл – Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі.