Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мырзамен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Түркияның шетелдік ведомствосы мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Чавушоглу Қазақстанға Түркиядағы орман өртін сөндіруге көмектескені үшін алғыс айтты.
«Қазақстандық бауырларымызға ынтымақтастық пен қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз», – деп жазылған Түркия Сыртқы істер министрлігінің Twitter-парақшасында.
Қазақстан тарапы жауап ретінде орман өрті басталған Манавгат қаласында "Қазақстан-Түркия достық орманын" құруды ұсынды.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 7 тамызда "Қазавиақұтқару" АҚ-ның суағар құрылғылары бар Ми-8 АМТ екі тікұшағы және орман өртін сөндіруге көмек көрсету үшін 16 құтқарушы Түркияға жіберілгені хабарланған болатын.