Кәсіпкерден алды деген жалпы сомасы 15 млн.теңге мөлшерінде
Ақмола облысының Мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы пара алды деген күдікке ілінді. Ол туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шенеунік 2019 жылдың мамыр-қазан айлары аралығында «Рухани Жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақмола облыстық өлкетану мұражайы мен Мәлік Ғабдуллин атындағы мұражайдың экспозициясын жаңарту бойынша орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны үшін кәсіпкерден бірнеше рет жалпы сомасы 15 млн.теңге мөлшерінде пара алды деген күдікке ілініп отыр. Параның қалған 5 млн. 700 мың теңге сомасын алу кезінде күдікті қылмыс үстінде ұсталып, Көкшетау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір тергеу амалдары басталды.