Ақтөбеде балабақша мен мектептерде балалардың денсаулығына зиянды тағамдар берілген. Бұл деректі облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбеде балабақшалар мен мектептерде балаларға беруге тыйым салынған тағамдар анықталды. Ақтөбе облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің хабарлауынша, 2018 жылы 3 дерек тіркелді. Қобда ауданында орналасқан «Балауса» балабақшасында кремі бар кондитерлік өнімді пайдаланған, сонымен қатар мектеп асханаларын тексеру барысында Мәртөк ауданындағы Шевченко негізгі мектебі және Хазрет орта мектебі асханаларында қуырылған бәліш сатылғаны белгілі болды.
«Санитариялық талаптар бұзылып, жауапты адамдарға әкімшілік құқықбұзушылық хаттама толтырылды. Барлығы 120 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Мектептерде газдалған, емдік және емдік-асханалық минералдық суды, тәтті алкогольсіз сусындарды, алкогольсіз энергетикалық сусындарды, фаст-фудтар, кептірілген, қытырлақ нанды және ащы тұздықтар, кетчуптар, ащы дәмдеуіштерді дайындауға және өткізуге тыйым салынатындығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деді Ақтөбе облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, «Айналайын» жекеменшік балабақшасының тәрбиешісі директор оны соққыға жыққанын мәлім еткен болатын. Оған себеп, тәрбиешінің мекемедегі «былықтарды» фото, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялауы. Директор желідегі айыптаулармен келіспеген. Мекеме қызметін уақытша тоқтатты. Кейін, бір топ ата-ана болған оқиға салдарынан балаларға моральдық нұқсан келгенін айтып, төлеген ақшаларын қайтаруды талап етті. Балаларға тамақ дұрыс берілмейтіні, төсек орындарының жетіспейтіні туралы тәрбиешінің айыптаулары жеке тексерілуде.