Қазақстанда электр энергиясының қуаты 15 пайызға өсті

10.06.2019 16:30

Соңғы бес жылда электр стансаларының қуаты 2 470 МВт-қа немесе 2013 жылдағы деңгейден 15 пайызға артты

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан электр энергетикасының қазіргі жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлемдік энергетикалық агенттік деректеріне сәйкес, энергияны әлемдік тұтыну соңғы 40 жылда 2,2 есеге өскен. Бұл ретте, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлем халқы 1,9 есе, ал энергия ресурстарын (көмір, мұнай, газ) тұтыну екі есеге ұлғайған. 2017 жылы министрлік жетекші әлемдік сарапшыларды тарта отырып, «Форсайт-2050. Жаңа энергия әлемі және Қазақстанның орны» тақырыбында зерттеу жүргізді. Бұл 2050 жылға дейін әлемдік энергетика мен ілеспе технологиялардың даму болжамын, сондай-ақ олардың Қазақстанға әсерін көрсетеді», – деді Қ. Бозымбаев.

Осы орайда ол 2050 жылы көмірдің үлесі 26 пайызға, баламалы электр энергияның үлесі 5-тен 50 пайызға дейін, яғни 10 есеге ұлғаятыны ескерілгенін жеткізді. Сонымен қатар, мұнайдың үлесі небәрі 1,5 пайызға өссе, газдың үлесінде тым қатты өзгеріс байқалмайды. Бұдан бөлек, министр Қазақстанның электр энергетикасындағы қазіргі жағдайына тоқталды.

«Бүгінде Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесі тұрақты жұмыс істеуде. Оның жүйелік сенімділігі толықтай қамтамасыз етілген, осы орайда экономика мен халықтың электр энергиясына деген қажеттігі қанағаттандырылған. Елімізде электр энергиясын өндіруді 138 станса жүзеге асыруда. Қазақстан электр стансаларының бекітілген жалпы қуаты 21 902 МВт-ты құрады. 2018 жылдың  қорытындысы бойынша, энергия өндіру көлемі 106,8 млрд кВтсағ-ты немесе 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,3 пайызды құрады», – деді Бозымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы 5 жылда электр стансаларының қуаты 2 470 МВт-қа немесе 2013 жылдағы деңгейден 15 пайызға артты. Бұл негізінен жылу стансалары мен жаңаратын энергия көздері есебінен өсті.