Алмалы аудандық сотының үкімімен Н. К. Ракишеваға пара алғаны үшін 6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды
Алматы қаласының шаруашылық жүргізу құқығындағы №1 қалалық перзентханасының бас дәрігері пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі №1 қалалық перзентхананың бас дәрігері Н. К. Ракишеваға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Ол аталған перзентханада фото және бейнетүсірілім қызметін еш кедергісіз жүргізген ЖШС директорынан 200 мың теңге пара алды, сондай-ақ Алматы қалалық мемлекеттік активтер басқармасына келісімшартты бұзу туралы хат жібермеді деп айыпталған еді. 26 қыркүйекте Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен Н. К. Ракишеваға пара алғаны үшін 6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды және мемлекеттік қызметте лауазымды қызметпен айналысуына өмір бойына тыйым салынды.