Қазақстанда былтырдан бері 8,5 млн гектардан астам жер үкіметке қайтарылды

11.10.2023 16:31

Жайылымдық жерлерді қайтару үшін белсенді жұмыс жалғасып жатыр

ru.freepik.com

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалану қадамдары жайындаға айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі іnform.kz-ке сілтеме жасап.

 - Жалпы, Ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету үшін Үкімет жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Мәселен, осы салаға бөлінген субсидия көлемі 430 млрд теңгеге дейін өсті. Көктемгі егіс және күзгі егін орағы науқанына жыл сайын берілетін жеңілдетілген несие көлемі 70-тен 140 млрд теңгеге артты. Салаға салынған инвестициялардың көлемі 72 пайызға артып, 850 млрд теңгеге дейін жетті, - деді Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде еліміздің жер ресурстарын, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды және тиімді пайдалану мәселесі өте өзекті.

 - Осы орайда пайдаланылмай бос жатқан немесе бір кезде заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін, оның ішінде жайылымдық жерлерді қайтару үшін белсенді жұмыс жалғасып жатыр. 2022 жылдың басынан бері 8,5 млн гектардан астам жер қайтарылды, оның 2,8 млн гектары қазірдің өзінде елдің игілігіне берілді. Қайтарылған жердің көбі халыққа мал жаю үшін беріліп жатыр. Бұл ретте тиісті заңнамалық актілерге жайылымдарды пайдалану мәселесі бойынша өзгерістер енгізу үшін Парламент депутаттарының бастамасымен ауқымды жұмыс жасалып жатқанын атап өткім келеді. Бұл өзгерістер, жайылымдарды басқа жер түрлеріне ауыстыруға тыйым салу, оларды мал жаю үшін резервке қою, жайылымдық жерлерді алу нормативтерін ұлғайту және басқа да нормалар арқылы жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді, - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары.

Оқи отырыңыз: «Мұғалім» сериялындағы Азамат әке-шешесіне қарсы шықты