Ол бұған дейін 11 жылға бас бостандығынан айырылған
Ақтөбеде әйелді 35 жерден пышақтап өлтірген сотталушының ісі апелляциялық тәртіпте қайта қаралды. Ол бұған дейін 11 жылға бас бостандығынан айырылса, енді жазасы қатаңдатылып, 15 жылға үкім кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында 29 жастағы сотталушының ісі қайта қаралды. Бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жоюды және Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімі 5-тармағы бойынша жаңа айыптау үкімін шығаруды сұраған прокурордың апелляциялық өтінішхаты негізге алынды. Сот алқасы жинақталған дәлелдемелерді зерделеп, «сотталушының іс-әрекеті аса қатыгездікпен адам өлтіру ретінде қайта саралауға жатады» деген тұжырымға келді.
«Сот алқасы бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін жариялады. 29 жастағы ақтөбелік аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, оған 15 жыл мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталғаннан жәбірленуші өкілінің пайдасына 8 миллион теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілді. Апелляциялық үкім заңды күшіне енді», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, қылмыстық оқиға биыл болды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, 1976 жылғы ақтөбелік әйел 23 ақпан күні жұмысқа шығып, үйіне қайта оралмаған.
Полиция іздеу жұмыстарынан соң 29 жастағы күдіктіні ұстады. Ол әйелді пышақтап өлтіріп, денесін екі күн бойы көлігінің жүксалғышында сақтаған.