Ақын Қасымхан Бегманов қазақ еліне көңіл айтты

10.01.2022 16:33
Фото: ашық дереккөзден

«Отанымызды соңғы демі қалғанша ерлікпен қорғаған боздақтарымызға мәңгілік мадақ!» Осылай деген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов Президент үндеуіне қолдау көрсетіп, барша қазақ еліне көңіл айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бүгін – Жалпыұлттық аза тұту күні. Бізге Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсізлігінен артық бақ-береке жоқ. Сіздерді  Президентіміз, Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдап, бүгінгі күнге сай қабылдаған шұғыл, барлық шешімін іске асыруға өз үлесімізді қосуға шақырамын. Ертең өтетін Мәжілісте бүгінгі заман талабына сай жаңаша ойлайтын, білімді, парасатты, іскер, мемлекетшіл жастардың, қайраткерлердің есімдерін көргіміз келеді. Оларға халық алдындағы перзенттік борыштарын адал өтеуге мүмкіндік берілсін. Ел осыны тағатсыздана күтіп отыр. 

Арандатуға ермеңіздер! Сабыр сақтаңыздар! О заман да, бұ заман көз көрмек түгілі, құлақ естімеген сұмдықтарды террористер мен экстремистерге еріп, солармен бірге әсем ғимараттарымызды талқандап, тонаған, ойындағысын істеп, қалаларымызды отқа орағысы келген жүгенсіздер ұсталып жатыр. Олар қазақ тарихында сатқын деген атпен қалады. Еліне опасыздық жасап, туған халқына қарсы шығып, жазықсыз жандарды зар еңіреткеннен жаман нәрсе жоқ. Қасиетті ұлы даламызды үрей мен қорқынышқа бөлегісі келгендерге қарсы аянбай күресуге шақырамын. Отанымызды соңғы демі қалғанша ерлікпен қорғаған боздақтарымызға мәңгілік мадақ! Олардың жаны жәннатта болып, қабірі Құран нұрымен нұрланып тұрсын! Барша қазақ еліне қайғыра көңіл айтамын!» – деді Қасымхан Бегманов.