Алматыда жас отбасылар байқауы өтті

01.10.2019 в 16:35

Сайысқа ең кемі 4-5 баласы бар 6 отбасы қатысты

«Менің отбасым - менің бақытым». Алматыда осындай атаумен жас отбасылар байқауы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Отбасы құндылықтарын насихаттау, көп балалы аналарды моральдық және рухани қолдауды мақсат тұтқан сайысқа 6 жанұя қатысты. Олардың барлығы жас әрі кем дегенде 4-5 баласы бар.

«Бұған көптеген өтініштер келіп түсті. Біз солардың арасынан конкурстың талаптарына сай алты отбасын іріктеп алдық. Барлығына қаржылай сыйлық тағайындадық», – дейді «Отбасы хрестоматиясы» ҚҚ атқарушы директоры Бағдат ҚҰДИЯРОВ.

Байқау үш кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде әр отбасы өздерінің тату тұрмыстарын көрсетіп, таныстырады. Екіншісінде ситуациялық сұрақтарға жауап беріп өздерінің білім деңгейлерін көрсетсе, "Біз біргеміз" деп аталатын үшінші турда өнерлерін көрермендер мен әділ қазылар назарына ұсынды. Айта кетейік, шара қалалық қоғамдық даму басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған.