Асқар Мамин еліміздің экологиясын жақсарту жолдарын ұсынды

Асқар Мамин еліміздің экологиясын жақсарту жолдарын ұсынды
Үкімет басшысы қоршаған ортаны сақтапу үшін баламалы энергетиканы дамыту қажеттілігін баса айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Экология бұзылған сайын денсаулық сақтауға бөлінетін қаржы өсіп келеді. Бүгін үкімет отырысында дәл осылай деген премьер-министр Асқар Мамин қоршаған ортаның ластануынан ел экономикасына да айтарлықтай зиян келіп жатқанын жеткізді. Үкімет басшысының айтуынша, денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығындар жыл сайын ұлғайып, еңбек өнімділігі төмендеуде. Ал, Қазақстанда соңғы 4 жылда атмосфераға тасталатын ластаушы шығарындылар көлемі 13 пайызға артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліміздегі атмосфералық ауаның сапасы көңіл көншітпейді. Жерүсті суларының ластануы, кәріздік тазарту кешендерінің әбден тозуы немесе тіптен болмауы тағы бар. Айтыла-айтыла әбден жауыр болған тұрмыстық қалдықтар полигондарының жоқтығы да бөлек мәселе. Бұл өзекті түйткілдер бүгін Үкімет отырысында талқыға салынды.    

«2018 жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға ластаушы заттардың қалдықтары 2,5 млн тоннаны, ал жыл сайынғы өсімі 100 мың тоннаны құрап отыр. Оның ішінде электр энергетикасына 940 мың тонна, тау-кен металлургия секторына - 760 мың тонна, мұнай өндіруге - 520 мың тонна, көлік пен ауыл шаруашылығына - 320 мың тонна тиесілі. Өңірлердегі қалдықтардың негізгі үлесі Қарағанды және Павлодар облыстарында - шамамен 56 пайызды құрайды. Егер тиісті шара қабылданбаса 2030 жылы болжам бойынша ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 млн. тоннаға дейін өседі», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ.

Үкімет басшысы қоршаған ортаны барынша сақтап қалу үшін баламалы энергетиканы дамыту қажеттілігін баса айтты. Ал экологиялық мәселелерді реттеуде ең үздік технологиялар бюросын құру мәселесін пысықтауды тапсырды. Жаңадан әзірленген экологиялық кодекске тоқталды.

«Оның басты қағидаты – ластаушы төлейді, ластаушы қалпына келтіреді. Кодексте қоршаған ортаны ластағаны үшін айыппұл төлегенше кәсіпорындарға өндірісті жаңғырту арқылы жаңа технологияларға қаражат салу тиімді болу үшін жағдай жасалуда. Сондай-ақ, кодекс жобасында ластаушы кәсіпорындардың қоршаған ортаға зиянды заттарды шығарған көлемін үнемі қадағалап отыруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған платформа құру көзделген. Бұл және басқа да шаралар экологиялық жағдайды жақсартуға әрі халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.

Кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін азайту мақсатында ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу көзделіп отыр. Премьер-министр мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар осы мәселені назарға алсын деп қадап тапсырды. Бұдан бөлек, тұрмыстық қалдықтарды азайту мақсатында жауапты министрлік өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қалдықтарды сұрыптауды, нысандарды салу үшін жер учаскелерін беруді жүктеді. Анықталғаны, бүгінгі күні еліміздегі полигондарда 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жинақталған. Ал жаңадан тағайындалған энергетика министрі кулуарда Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты пікірін білдірді.

«Жауап жалғыз. Энергетика министрлігінің позициясы мынадай: энергияның қосымша көздері барда біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз», – деді ҚР Энергетика министрі Нұрлан НОҒАЕВ.

Энергетика министрінің сөзінше, қазір республика энергиямен өзін-өзі қамтып отыр. Тіпті электр энергияның бір бөлігі экспортқа да шығарылып жатыр. Десе де, бұл мәселеге нүкте қойылды деу әлі ерте деді министр.

Салтанат Нысанбек, Әли Мұхтаров, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан


Новости партнеров