Қазақстанда өлім жазасы қай қылмыстар үшін сақталатыны Заңмен бекітілетін болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Еліміздің Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өлім жазасы 26 аса ауыр қылмыс үшін тағайындалатын еді. Бұл жаза 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің 18 бабында ғана қалды. Ал 2014 жылы Қылмыстық кодекстің 17 бабында сақталған.
«Бірінші, өлім жазасы Қылмыстық кодекстің 13 бабынан алынып тасталады. Екінші, соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар ретінде өлім жазасын қолдану шектері бекітіледі. Қылмыстық кодекстің 4 бабында осы жаза сақталады. Атап айтқанда, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы аса ауыр қылмыстар. Бұл қылмыстар соғыс әрекеттерімен байланысты болып, соғыс кезінде жасалуы қажет», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев.
Мәжіліс Қылмыстық кодекске өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.