Алматы полициясы "Қоғамдық көлік" іс-шарасын қорытындылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыда көлікпен жолаушыларды, жүкті тасымалдайтын жүргізушілердің көлік және еңбек тәртібін арттыруға, техникалық ақауы бар немесе қайта жабдықталған жолаушылар көлігін пайдалану деректерін анықтауға, сондай-ақ заңсыз жолаушылар тасымалының жолын кесуге бағытталған "Қоғамдық көлік" жедел алдын алу іс-шарасы аяқталды.
– Алдыңғы шептегі полиция бөлімшелерінің күштері қоғамдық көлік жүргізушілерінің 1300-ден астам жол ережесін бұзу дерегін анықтады. Алматы полициясы жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, жолаушыларға сыпайы болу және дұрыс жауап беру абзал екенін ескертеді. Сізге адамдардың өмірі сеніп тапсырылғанын және олардың қауіпсіз, жайлы қозғалысын қамтамасыз етуге міндетті екеніңізді ұмытпаңыз, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы мамандандырылған батальонының командирі Жәнібек Өскембаев.