Қарағанды қаласында 11 жасар баланың өліміне әкеліп соққан үрмелі батуттың иесі ұсталды. Ол 40 жастағы қала тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды Қарағанды облысы ПД Баспасөз қызметі.
11 жасар баланың өліміне әкеп соққан батут иесі «сауық нысанын заңсыз әрі, талапқа сай орналастырмаған» деген айыппен уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Естеріңізге сала кетсек, өткен сенбіде Қарағандының Орталық демалыс саябағында қатты соққан желден балалар ойнайтын үрмелі батут аударылып қалған болатын.
Соның салдарынан 11 жастағы бала мерт болып, тағы 2 бала жарақат алған еді. Олар шұғыл түрде емханаға жеткізіліп, тиісті ем алды.
Енді, осы оқиғаға қатысты ҚР ҚК-нің 306 бабы 3 тармағына сәйкес «Адам өліміне алып келген қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін қызмет көрсету» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетсек, осы жағдайдан кейін Қарағанды әкімі батутта көз жұмған баланың отбасына барып, көңіл айтты.