Адамдар полицейлерге шабуыл жасап, тас лақтырған, арматурамен ұрған
Маусым айының 10-12 күндері аралығында еліміздің бірнеше өңірінде болған заңсыз митингтер барысында 300-ден астам полиция қызметкері жарақат алды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚП ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Акцияға қатысуышаларға прокуратура қызметкерлер бейбіт митингтер, жиналыстар мен шерулер өткізу тәртібі туралы заң ережелері түсіндірілді, сондай-ақ, санкцияланбаған митингтер ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік туралы түсіндірілді. Жекелеген адамдар әкімдіктер мен прокуратура өкілдерінің заңды талаптарына бағынбай, өзге азаматтардың тыныштығы мен өміріне, денсаулығына қауіп төндірді, құқықтық тәртіпті қорғаған полиция қызметкерлеріне қарсы келді. Осыған байланысты полицияның және Ұлттық ұланның күшімен қоғамдық тыныштығы мен азаматтарды қорғауға бағытталған шаралар қабылданды. Құқық бұзушылар полицияға әкелінді және сот тәртібімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген аталған хабарламада.
Акцияның жолын кесу кезінде 300-ден астам полиция қызметкері түрлі жарақат алып, бесеуіне медициналық көмек қажет болды.
Мәселен, наразылардың бұрышты баллон қолданған салдарынан жедел ден қою арнайы жасағы қызметкерінің екі көзін күйік шалды. Ал, басына тас тиген қызметкер миы шайқалған және бас жарақаты диагнозымен медициналық мекемеге жеткізілді, ол бұл дене жарақатын Нұр-Сұлтан қаласында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде алды.
Сонымен қатар, түнде Алматы қаласында заңсыз акцияға көліктерімен қатысқандар жол қозғалысын реттемек болған полицция қызметкерін қағып кетті. Дәрігерлер оның аяғы сынғанын анықтады.
Ішкі істер органдары бұдан әрі де қоғамдық тәртіпті бұзушылықтардың жолын кесу, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде заңда көзделген барлық шараларды қабылдайтын болады.