Тоғжанов зейнет жасын төмендетуге қатысты ойын айтты

30.06.2022 16:41

Үкіметте жұмыс тобы құрылды

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында зейнет жасын төмендетуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Үкіметте жұмыс тобы құрылды. Бұл мәселе талқыланып жатыр. Бүгінде бізге түскен барлық ұсыныс, оның ішінде зейнет жасын төмендету, әлеуметтік кодекске өзгерту енгізу мәселелері талқылануда. Аталған мәселе бойынша жұмыс тобын құрып, талқылап жатырмыз", – деді Тоғжанов.

Тоғжанов Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев зейнет жасын төмендету мәселесіне жауап бермейтінін айтты.

"Ерұлан Жамаубаев басқа мәселелерге жауап береді. Ол вице-премьер-министр ретінде аталған сұраққа жауап бере алмайды. Бұл мәселенің маған қатысы бар. Сондықтан бұл мәселені талқылап жатырмыз", – деді ол.

Естеріңізге салсақ, осыған дейін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев зейнет жасын төмендету мәселесі әлі талқыланбағанын айтқан еді.

Дереккөз: baq.kz