Оралда скутер жедел жәрдем көлігіне соғылып қалды

29.07.2024 16:43

Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр

ҚазАқпарат

Орал қаласында Мұхит пен А.Карев көшелелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 28 шілде күні кешкісін болды.

«Жүргізуші маркасы анықталмаған, мемлекеттік нөмірі жоқ скутермен келе жатып, Hyundai жедел жәрдем көлігімен соқтығысуға жол берген. Жол апаты салдарынан скутер жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, шақырту сағат 19:35-те түскен. Оқиға орнынан 2005, 1995 және 2001 жылғы жігіттер жедел жәрдем бригадасымен облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. 2005 жылғы жігіт аурухананың хирургия бөлімшесіне жатқызылды. 1995 жылғы ер адамға амбулаториялық ем тағайындалып, үйіне жіберілді. 2001 жылғы жігіт ауруханаға жатудан бас тартты, ол да амбулаторлық ем алатын болады.

БҚО полиция департаментінің 25 шілдедегі мәліметі бойынша облыста электрлі скутер және мопедтердің қатысуымен 90 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 2 адам қаза тапты. 64 адам дене жарақатын алды.

Оқи отырыңыз: Алматының Алтынсарин даңғылында жол жүру шектеледі