Алматы әкімдігінің алдында тұрған қысқамерзімді міндет – жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін – 75%-ға жеткізу. 231 көшедегі 54 шақырым жолдың құрылысы аяқталды.
«134,8 шақырымдық 147 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2020 жылы шеткі аймақтарда қосымша тағы 120 шақырым жол салуды бастаймыз», – деді әкім.
Сонымен қатар қоғамдық көлік мәселесіне де тоқталған әкім биылғы жаңалықтарды атап өтті.
«Коммерциялық құрылымдар 172 автобус сатып алды. Әкімдіктің қаражаты есебінен газбен жұмыс істейтін тағы 260 автобус сатып алынды. Жаңартылған автобус паркінің үлесі 90%-ға жетті. Қаланың барлық троллейбус желісін жаңғырту жұмыстары басталды. Басты бағыт – қоғамдық көліктің экологиялық таза түріне көшу. 10 электр автобусы маршрутқа шықты», – деді Бақытжан Сағынтаев.