Көлікте бес адам болған. Олар келесі күні бір-ақ ауруханаға жетті
Батыс Қазақстанда жедел жәрдем көлігі қарға батып, бір тәулік бойы далада қалып қойды, деп жазады Sputnik сайты «Мой город» порталына сілтеме жасап.
Жедел жәрдем көлігі Жәнібек ауылынан Жақсыбай ауылына аттанған екен. Көлікте жүргізуші мен үш жүкті әйелді қосқанда бес адам болған.
Жолда жедел жәрдем қарға батып қалып, арнайы техника тәулік бойы оларға жете алған жоқ. Келесі күні ғана көлікті шопандар тұрағына сүйреп апарған. Адамдарды ауруханаға жеткізу үшін «снегоходпен» екі рейс жасауға тура келді.
Қазір олардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Жақында осыған ұқсас оқиға Павлодар облысында болған – 12 жастағы науқасты әкеле жатқан реанимобиль жолда бұзылып қалыпты. Жедел жәрдем көлігіндегі адамдарды жолай өтіп бара жатқан полиция жасағы құтқарды.