Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев барша қазақстандықты ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«1 желтоқсан – біз үшін ұлт болып ұйысқан, жұрт болып жұмылған күн. Осыдан тура 30 жыл бұрын Қазақстан халқы тарихи таңдауын жасап, өзінің Тұңғыш Президентін сайлады. Ел тағдыры Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сеніп тапсырылды. Бұл тәуелсіздік жолындағы аса маңызды қадам екені сөзсіз. Содан бері еліміз Тәуелсіз мемлекет ретінде толық қалыптасып, саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани бағытта толайым табысқа қол жеткізді. Шекарамыз шегенделді, бірлігіміз бекемделді, төл құндылықтарымыз төрге озды. Осы жолда кездескен сын-қатерлерден де сүрінбей өте білдік. Барлық мәселеде бейбітшілік пен келісімге табан тірей отырып, халықаралық абырой-беделге ие болдық. Арқа төсіне жаңа елордамызды салу арқылы елдік пен егемендіктің іргесін бекіте түстік. Тұтас түркі дүниесі үшін қастерлі Түркістан шаһарын қайта түлетіп, ұлттық бірегейлігімізді нығайтудың жаңа кезеңіне көтерілдік»,– деді Сенат спикері.
Оның атап өтуінше, мұның бәрі Елбасымыздың ерік-жігері мен қажыр-қайратының арқасында іске асырылды. Шын мәнінде, Нұрсұлтан Әбішұлының тәуекелшілдігі мен табандылығы, көрегендігі мен парасаттылығы қазақ халқының дәуірлеу кезеңіне жол ашты. Соның нәтижесінде Қазақстан өрлеу мен өркендеудің өзіндік үлгісін қалыптастырды.
«Осындай ұлы жетістіктерге бастау болған күннің жалпыұлттық мерекеге айналуы заңды құбылыс. Бұл – ең алдымен, Елбасымыздың мемлекеттілікті қалыптастыру жолындағы ерен еңбегіне көрсетілген ерекше құрмет. Ал, Елбасына құрмет – Тәуелсіздігімізге жасалған тағзым. Қазіргі буын, әсіресе, өскелең ұрпақ Тәуелсіздіктің қадірін терең сезінуі үшін бүгінгі мерекенің маңызы зор. Сол себепті, алдағы уақытта Тұңғыш Президент күнінің мәні арта беретіні анық. Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш тілеймін! Еліміз бен Елбасымыз аман болсын! Тәуелсіз Қазақ Елі мәңгі жасай берсін!» – деп түйіндейді құттықтауын Мәулен Әшімбаев.