Нұр-Сұлтанда қомақты қаржы құйып, баспанасына қол жеткізе алмай жүрген елордалық үлескерлер Президентке хат жолдамақшы. Жергілікті атқарушы билік пен мердігер компанияға сенуден қалған 3500 тұрғын соңғы үмітін Мемлекет басшысына артып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елорданың сол жағалауындағы «Шығыс» тұрғын үй кешенінің алғашқы құрылысы 8 жыл бұрын басталып, мыңдаған адам армандаған үйіне қол жеткізу үшін бар жиған-тергенін салған. Бірақ, құрылыс қарқыны көп ұзамай тоқтады. Бұл жерге салынуы тиіс 15 үйдің біреуі де толық аяқталмаған.
«Біздің үйімізде ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ. Енді осы үйге салған 8-9 жыл бұрын ақшаларын 100 пайыз салған үлескерлердің бәрі пәтер жалдап, көшеде жүр. Шеттей бала-шағасы бар отбасылар, зейнеткерлер мен мүгедектер де бар оның ішінде. Айына 5-6 рет әкімдіктің табалдырығын тоздырамыз, хат жолдаймыз, бірақ ешқандай проблема шешілген жоқ», – дейді үлескер Салтанат ЖАРЫЛҒАСҚЫЗЫ.
Салтанат секілді сан соғып қалған үлескерлер апта сайын осы жерге жиналады. 3500 адам адал еңбекпен тапқан миллиондаған қаржысын талап етуде. Бірақ, ақшаны қайтаруға асыққан мердігер жоқ, Тек кезекті құрғақ уәдемен шығарып салады екен.
Мына алып аумақта осыдан 3 жыл бұрын бірнеше зәулім үй тұруы тиіс болатын. Алайда, тұрғын үй кешені түгілі ғимараттың іргетасы да қаланбаған. 8 жыл күтіп, сарсаңға түскен үлескерлердің қазір үміттерінен күдігі басым.
Мәселені шешу үшін екі жыл бұрын мемлекет тарапынан қайта қаржы қарастырылған болатын. Дегенмен, құрылыс баяу жүргізілуде. Сөйтсек, екі жыл құрылысқа емес, құжаттарды жинауға кетіпті-мыс.
«Иә, солай, құрылыс тоқтап тұрғанын растаймын. Себебі, құжаттар реттелмей, жұмысты бастай алмай отырмыз. Екі нысан бойынша келісімшартқа қол қойылды. Содан соң алғашқы жұмыстарды бастаймыз», – деді «Елорда құрылыс» компаниясының директоры Бауыржан НҰРАШБЕКОВ.
Алып кешендегі 15 үйдің 4-ін жеке инвестор салып жатыр. 3-і жылдың соңына дейін тапсырылады деп жоспарланған. Тағы 5 үйдің құрылысы келер жылы аяқталмақ. Қалған үйлердің жобалық-сметалық құжаттары дайын емес. Ал Нұр-Сұлтан қаласының әкімі құрылысы кешеуілдеген кешен мәселесі шешіледі деп сендіреді.
«Шығыс» тұрғын үй кешені бойынша бірқатар проблема бар. Бір күнде мәселені шеше алмаймыз. Бірақ, жұмысты соңына дейін жеткіземіз. Қаржы бөлінді. Енді күту қажет», – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ.
Күтіңдер деген уәдеге әбден тойған үлескерлер тағатымыз таусылды дейді. Талай мекеменің табалдырығын тоздырып, сарсаңға түскендер енді Президентке хат жолдауға бекініп отыр.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы