Енді 6 көпір жаңартылып, Алмарасандағы термалды суға еш қиындықсыз жету мүмкін туды
Ұлы Отан соғысы жылдарында ауыр жарақат алғандарды емдейтін бұлаққа осы уақытқа дейін жаяу жету мүмкін болмаған еді. Енді қалалық әкімдікпен кәсіпкердің бірлесе атқарған жұмыстарынан кейін енді кез-келген қала қонақтары мен тұрғындары еш қиындықсыз барып, шомылуына мүмкіндік бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таудың тамаша табиғаты мен сарқырап аққан судың көрінісін тамашалауға келушілер үшін бұл жол осы уақытқа дейін мұң болатын. Енді 6 көпір жаңартылып, Алмарасандағы термалды суға еш қиындықсыз жету мүмкін туды. Жаз бойы жүргізілген құрылыс жұмыстары аяқталып, емдік қасиеті бар суға шомылу маусымы салтанатты түрде ашылды.
Құрылыс жұмыстары мемлекеттік және кәсіпкерлік серіктестік аясында жүзеге асырылды. Аптасына бір келіп, таза ауамен тыныстап денсаулығына мән беретіндер үшін бұл көптен күткен жаңалық болды.
«Бұрын қиналып шығушы едік біз сияқты зейнеткерлерге өте жақсы. Немерелерімізді алып баратын болдық. Менімен бірге 92 жастағы атамыз келеді. Сол кісі суға түседі», – деді келушілердің бірі Рикаш МҰХТАРОВА.
Қасиеті мол суға түскен соң арнайы күн көзіне қыздырынатын жер де қарастырылған. Одан сәл жоғары көтерілсеңіз, денеңізді шынықтыруға арналған спорт алаңқайы да осында.
Теңіз деңгейінен 1850 метр биіктікке жаяу көтеріліп, Алматының керемет табиғатына көздеріңіз жеткеннен кейін, мынандай табиғаттың сыйын тамашалауға шақырамын. Қаланың күйбең тіршілігінен шаршағаннан кейін мұнда келіп, демалып, саф ауамен тыныстауға болады.
«Мұндай жобалардың ашылуы қалаға келетін туристердің санын арттырады деген сенімдеміз. Бұл медициналық туризмді дамытуға септігін тигізеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда, биыл Алматыға келушілердің саны 15 пайызға артқан. Ал, мұнда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының маңынан жүретін 211 бағыттағы автобуспен келуге болады», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Сабина АМАНГЕЛДІ.
Таудағы бұлақтың емдік қасиеті ХХ ғасырдың 30 жылдары белгілі болған деседі. Тіпті, Ұлы Отан соғысы жылдарында аса ауыр жарақаты барларды осында әкеп емдеген. Термалды су көзінің халыққа қол жетімді болуына септігін тигізген кәсіпкердің өзі пайдасын көргенін айтады.
«Балаларымды тері аурулары мазалайтын болған. Бұл жер туралы досымыздан білдік. Содан бастап күн сайын келіп жүріп, пайдасын көрдік. Бірақ, жүретін жол жоқ еді. Содан кейін кәсіпкерлер бірлесіп, осы бастаманы жүзеге асырдық. Енді халық еш қиындықсыз келіп, денсаулықтарын жақсарта алады», – деді кәсіпкер Меруерт ЖҰМАНОВ.
Қасиетті Арасан суына түсу барлық келушілерге тегін. Жобаны жүзеге асырушылардың бір ғана тілегі, келушлер тау маңайын таза ұстаса екен дейді.
Арнат Дүйсен, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы