Қазір тергеу тобы әуе апатының неден орын алғанын зерттеп жатыр
Қазір тергеу тобы әуе апатының неден орын алғанын зерттеп жатыр. Кешенді техникалық сараптамалар да тағайындалған. Алдағы он күнде комиссияның қорытындысы шығарылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, осы оқиғаға қатысты Қылмысық кодекстің 344-бабы 3 бөлігі яғни, темiржол, әуе, теңiз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын орындайтын жұмысына немесе атқаратын лауазымына байланысты сақтауға мiндеттi адамның осы қағидаларды бұзуы, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Біріншіден, ол ұшақ экипажының кемшілігі болды ма? Екінші ұшақтың техникалық мәселелері ме? Үшінші әуежайдың новигация жұмыскерлерінің қателері болды ма дегендей. Қазіргі таңда 5-6 техникалық сараптамалар өткізіліп жатыр. Қазір ұшақтың зауытына мамандары келді. Олар біздің мамандармен бірге жұмыс істеп жатыр»,– деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.
Бұдан бөлек пилоттар мен борт серіктерінен жауап алынған. Олардың екеуі әлі жан сақтау бөлімінде жатыр. Министр, ұшақтың құлауына ауа райы әсер етпегенін де жеткізді. Бұған дейін тергеушілер күн райының салдарынан болуы ықтимал деген де болжам жасаған еді.
«Отын багы бұзылған сол қанаттың тұтануы болған жоқ. Отынның жартысы ұшақтың астына құйылды. Ауа райының, қыстың, қардың және суық күн болғандықтан өрт орын алған жоқ, бұл құрбандардың санын азайтты», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.
Естеріңізге салайын, желтоқсанның 27-і күні Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшпақшы болған Bek Аir әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырап 12 адам опат болды. Бортта 93 жолаушы 5 экипаж мүшесі болған еді.