Қала толған қоқыс пен балшық – Бақыт Сұлтанов (видео)

02.04.2019 16:47

Көктем келіп қар еріп, артынан бар былықтары шығып жатыр - Сұлтанов

Қала әкімдігі аппаратының отырысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қазіргі жағдайы және тіршілігі туралы мәселе сөз болды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Бүгінгі күні қаланың барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде. Төтенше жағдай тіркелген жоқ. 26 наурыздан бастап қала бойынша экологиялық айлық басталды. Өткен сенбіде өткен алғашқы сенбілікте елордада 900 аула тазартылды», - деді қала әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек әкімдік аппаратының отырысында.

Әкім орынбасарының дерегіне сүйенсек, Алматы ауданынан 3500 адам, Байқоңыр ауданынан 3700 адам, Есіл ауданынан 3465 адам және Сарыарқа ауданы бойынша 900 адам. Қалалық сенбілікке барлығы 11568 адам қатысты.

«Жерасты су деңгейінің көтерілуіне, жауын-шашынның көбеюіне байланысты тұрғындардың коммуналдық қызметтерде түскен шағымдары көбейді. Атап айтқанда, тек қана 31 наурызда тұрғындардан 909 шағым келіп түсті. Өткен аптаның ішінде аудан әкімдері 750 өтініш-шағым бойынша жұмыс істеді», - дейді ол.

Сонымен А.Тұрлыбек әлеуметтік желілерде қала бойынша санитарлық тазалықтардың жоқтығына қатысты арыз-шағымдардың да көбейіп отырғанын тілге тиек етті.

«Сондықтан Бақыт Тұрлыханұлы аталған кемшіліктерді жою мақсатында аудан әкімдеріне тиісті тапсырмаларды беруіңізді сұраймын. Бүгінгі күні қала бойынша 1842 аула алаңында 10477 қоқыс контейнері орнатылған. Қазіргі уақытта қоқыс шығаруға қатысты тұрғындардың шағымы көбейіп кетті. Бұған қатысты әлеуметтік желілерде жазбалар мен фотосуреттер дәлелі аз емес. Бұған себеп қоқыстың уақытында тазаланбауы және контейнердің өзі бос бірақ оның жан-жағы қоқысқа толып жатады. Осындай орын алуына тағы бір тазалыққа жауапты мердігер компаниялардың толық анықталмауы. Осыған орай сізден аудан әкімдеріне аталған мәселені тезірек шешу тапсырмасын беру және қоқыс алаңдарының тазалығын қадағалау туралы тапсырмасын беруіңізді сұраймын», - деді өз сөзінде Арман Тұрлыбек.

Одан бөлек, әкім орынбасары қала және қала маңын су тасқыны басу жағдайына да қатысты тоқталып өтті, оның сөзіне сенсек қаланы су басу қаупі жоқ.

Өз кезегінде қала әкімі Бақыт Сұлтанов аталған іске жауапты тұлғалардың уақытында жұмыс істелінбегендіктен екенін айтып өтті.

«Көктем келіп қар еріп, кетіп жатыр, бірақ артынан бар былықтары шығып жатыр. Қазір қала толған қоқыс пен балшық, саз. Мен осы тұрғыда арнайы мобильді топ құрып, тексеруді тапсырдым. Суреттен қараңыздаршы не болып жатқанын. Осының бәрі уақытылы жұмыс істелінбегендіктен. Әйтпесе қаражат бар, ресурс бар, қажетті мамандар бар.  Аудан әкімдері қайда қарап отырсыздар?»,- деді Б.Сұлтанов.