СҚО-ға көмекке келген Түркістан облысының құтқарушысы қайтыс болды

04.04.2024 16:48

Марқұмның денесі туған жеріне жеткізілді

elements.envato.com

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласына су тасқынымен күреске көмекке келген түркістандық құтқарушы - азаматтық қорғау прапорщигі Бекжан Балданов кенеттен қайтыс болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 сәуірге қараған түні 45 жастағы Бекжан Балданов Тайынша қаласындағы аудандық аурухананың реанимация бөліміне түскен. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Өлімге жіті миокард инфарктісі себеп болған.

Ер адам Түркістан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Сайран ауданының № 6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі болып еңбек еткен.

Бекжан Балданов Тайынша қаласына 1 сәуірде Түркістан облысының күштері мен құралдары тобының құрамында су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге көмек көрсету үшін келді. Сол күні кешке өзін нашар сезініп, кейін ауруханаға түскен. Петропавлдағы ауруханаға жатқызу үшін санавиациямен жеткізілмек болған.

- Төтенше жағдайлар министрлігі, Төтенше жағдайлар департаменті және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі командирдің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына, әріптестеріне қайғырып көңіл айтады, - делінген хабарламада.

Марқұмның денесі туған жеріне жеткізілді.

Оқи отырыңыз: Эвакуацияға дайын болыңыз