Бүлдіршінді бейінді дәрігерлер қарап, рентген жасады
Күні кеше ғана Сәбит Шонтақбаев құтқарып қалған Нұр-Сұлтан қаласындағы көпқабатты пәтерлердің бірінде балконға ілініп тұрған үш жасар Айзерені анасы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Аzattyq-ruhy сайтына сілтеме жасап.
Аты-жөндерін жазбауымызды сұраған көршілерінің сөзінше, Айзеренің анасы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Ол күн сайын кішкентай баласын өзімен бірге жұмысқа алып кететін. Ал кеше ол қызын жиен інісіне қалдырып кетіпті.
«Өздерін анда-санда ғана көреміз. Анасы аса көп сөйлемейді, жұмысқа барып келіп жүреді. Пәтер өзінікі. Кеше жиен інісіне қалдырып кеткен екен, ол болса өзінің жұмыстарымен сыртқа шығып кетіпті. Осы уақытта балақай терезеге шығып алған. Баланы періштесі қақты деген осы шығар. Біздің өзіміз жерден қарап тұрып, аяқ-қолымыз дірілдеп, жүрегіміз дүрсілдеп тұрды. Кешегі Сәбит пен Сағиға дейін де жас жігіттер құтқармақ болып, 8-қабатта үйдің есігін бұза алмай тұрған. Ауылдың жігіттері ылдым-жылдым шығып, балақайды қағып алды. Сол уақыттың өзіне 15-20 минут кетті. Айзеренің мықтылығына тәнті болдық. Бала емес пе, кеше кеште осында түк болмағандай асыр салып, ойнап жүрді», – дейді көршілері.
Айзеренің үйіне барып жағдайын білейік деп едік, бірақ есікті ешкім ашпады. Көршілерінің айтуынша, анасы қызын құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевты марапаттау рәсіміне де қатыспады дейді.
«Кеше осы тұрғын үйдің адамдары жиналып, Сәбитке өз рақметімізді айттық. Бірақ анасы ол шараға қатыспады. Бәлкім, көпшіліктің алдына шығуға қысылған болар. Мұнда жалғызбасты ананың жағдайын түсінуге тырысу керек шығар. Жазым деген аяқ астынан ғой. Отбасын асырайтын жолдасы болғанда мұндай болмайтын ба еді?! Жалғыз әйелді кінәлай беру дұрыс емес. Мен де жалғызбасты анамын. Айзеренің анасының жағдайын өте жақсы түсінемін», – деді көршісі.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиғадан кейін бала мен анасы балалар ауруханасына жүгінген.
«Бүлдіршінді бейінді дәрігерлер қарап, рентген жасады. Нәтижелері жақсы, баланың ешқандай жарақаты жоқ. Сондай-ақ басқарма өкілдері психологтардың кеңесі, балаға әлеуметтік қызметкерлердің көмегі немесе басқа да медициналық көмек қажеттігін анықтау үшін баланың анасымен тілдесті. Қажет болған жағдайда бұл отбасына барлық медициналық көмек пен мамандардың кеңесі толық көлемде көрсетілетін болады», – деді баспасөз қызметі.
Ал қалалық ПД баспасөз қызметі мұндай жағдайда баланың ата-анасына қандай жаза қолданылатыны туралы мәлімет бермеді.