Аудиторияда жазушының шығармашылығымен етене таныстыру жоспарланған
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, xалық жазушысы Әбіш Кекілбаев атындағы аудитория ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аудиторияда күнделікті дәрістерді өткізу арқылы қазақтың бірегей жазушысының шығармашылығымен етене таныстыру жоспарланған. Шара «Әбіш Кекілбаев - замананың заңғар тұлғасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты.
«Қуанышымыз ерекше. Өйткені аудиторияға кіріп-шыққан сайын, оның қасынан өткен сайын біздің студенттеріміз тебіренетін шығар деп ойлаймын. Әбіштің шығармаларының ең кереметі –Әбіштің кез-келген сөйлемі қайталанбайтын сөйлем. Мың қаламгер Әбіштің бір сөйлемін қайталай алмайды», - деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Бейсенғали ҚАБИҰЛЫ.
«Жазушының әйелі болу қиын. Бірақ соны жеңу керек. Отбасы берекелі болмаса, азамат өспейді. Азаматтың ойлаған ойы да жүзеге аспайды. Әбіштің анасы 98 жасқа келіп қайтыс болды. Сол кісінің өсиетімен мен 50 жыл Әбішпен бірге жүрдім. Барлық шаруасын істедім. Төлен мен Дулат мені «Клара бәтеңкесінің бауын байлап, көйлегінің ілгегін салып жұмысқа жібереді» деп келемеждейді. Одан мен жаман болған жоқпын», - деді Ә. Кекілбаевтың жұбайы Клара ЖҰМАБАЕВА.