Төрегелді Шарманов: Балалар арасындағы семіздік - әлеуметтік мәселеге айналды

baq.kz
baq.kz
Профессордың айтуынша, балалар арасындағы семіздіктің негізгі себебі тұтынатын және шығындайтын калория арасындағы тепе-теңдіктің бұзылысы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Семіздік пен онымен байланысты ауруларды балалық шақтан алдын алу әлемдегі аса маңызды мәселеге айналып отыр. Балалар өздерінің ұстаздары мен дәрігерлер ұсыныстарына қарағанда коммерциялық жарнама әсерін қабылдауға көбірек бейім келеді. Бұл туралы Қазақ тағамтану академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Профессордың айтуынша, балалар арасындағы семіздіктің негізгі себебі тұтынатын және шығындайтын калория арасындағы тепе-теңдіктің бұзылысы.

Балалар арасындағы артық дене салмағы мен семіздіктің жаһандық көлемде ұлғаюы бірқатар факторларға байланысты, атап айтқанда:

– Майлар мен тәттілер мөлшерінің артуы, дәрумендер, минералдар және басқа қоректік микроэлементтер мөлшерінің төмендеуінен болатын жоғары калориялы өнімдер тұтынудың артуы жағына қарай орын алған тамақтанудағы жаһандық өзгерістер;

– Демалыс және бос уақытты отырумен өткізетін өмір салты кең таралуының, жүру-қатынау тәсілдерінің өзгеруі нәтижесінде дене белсенділігі деңгейінің төмендеу тенденциясы.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, семіздіктің балалар арасында артуы қоғамдағы өзгерістермен, дұрыс тамақтанбау және дене белсенділігінің төмен деңгейімен байланысты. Бұл – әлеуметтік мәселе, сондықтан оны шешуде жалпы халықтық деңгейде, мәдениет ерекшеліктерін ескеретін, көпсекторлық, көпсалалық тәсілдер қолдану қажет.

Өкінішке қарай, әлемнің көптеген елінде жылдам арықтау жөніндегі тиімділігі жалған тағамдық қоспаларды, артық майды сылып тастайтын липосакция, басқа да косметикалық операцияларды жарнамалауға кететін шығынмен салыстырғанда халықтың дұрыс тамақтану жөніндегі білімін арттыруға өте аз көлемде қаржы жұмсалады», – деді медицина ғылымдарының докторы.

Бұл орайда дұрыс тамақтану ережесі аса күрделі еместігін айта кету қажет. Оларды еш қиындықсыз жүзеге асыруға болады. Мысалы, Сингапурде тиімді тамақтануға үйрететін арнайы бағдарлама бойынша оқушылар арасында жүргізілген шаралардың арқасында балалар семіздігін 50%-ға төмендетуге қол жеткізілген. Мұндай бағдарламаның нәтижесі аса ұтымды. Бұл балалар есейгенде елдің сау қарымын арттырып, дұрыс тамақтануды насихаттап, қоғамда салауатты тамақтану үлгісін қалыптастырады.

Новости партнеров