2716 жауынгердің отбасына 271 млн теңге бөлінген
Ауған соғысына қатысқан 2700-ден астам жауынгер 100 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болады. Бұл шешімді қала әкімдігі биыл кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына 30 жыл толғандығына орай қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төлемнің жалпы сомасы 271 миллион теңгені құрап отыр. Ал Алматыда жақында ауғандық жауынгері бар тағы 43 отбасы анықталыпты. Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне бір рет берілетін көмек 150-ден 250 мың теңгеге артты. Ал оларға теңелгендерге берілетін ақша 30-дан 50 мың теңгеге өскен.
Айта кетейік, Алматыда өткен жылдан бері «Белсенді ұзақ өмір» жол картасы қолға алынып, орталық ашылған болатын. Оған қазір 3 мың адам тұрақты түрде келеді. Сондай-ақ, 800-ден астам белсенді зейнеткер түрлі фитнес-клубтарға тегін барып жүр.
«Жақын күндері біз Ауғанстаннан әскерлерді әкетудің 30 жылдығын атап өтеміз. Өкінішке орай, күні кеше ғана ауған соғысының ардагері, №177 арнайы жасақ отрядының командирі, аты аңызға айналып, халық арасында «Қара майор» атанған, отставкадағы полковник Борис Керімбаев өмірден озды. Оның отбасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Ауғанстаннан әскерлерді әкетудің жылдығына байланысты ауған соғысына қатысушы жауынгерлерге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Бұған қоса айтарымыз, Жеңіс күніне орай ауғандық ардагерлерге бір реттік көмек ретінде 50 мың теңге берілетін болады. Осы мақсаттар үшін біз 400 млн теңгеден астам қаржы бөлеміз», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.