Алматыда Халықаралық эпилепсияға қарсы күрес күніне арналған кеш өтті

11.02.2020 16:55

Елімізде барлығы 51 мыңнан астам эпилепсияға шалдыққандар бар

10 желтоқсан – халықаралық эпилепсиямен күрес күні. Осыған орай, «Кең жүрек» қоғамдық қоры балаларға арналған мерекелік кеш ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шараға 70-тен астам эпилепсияға шалдыққан балалар қонаққа шақырылып, оларға сыйлықтар табысталды. Мақсат – балалар көңілін көтеру, қоғамдық өмірге бейімдеу.

Елімізде барлығы 51 мыңнан астам эпилепсияға шалдыққандар тіркелген. Оның ішінде 21 мың 400-і кішкентай балалар. «Кең жүрек» қоғамдық қоры да осы мақсатта ашылды. Балаларға әлеуметтік және қаржылай көмек беру. Бұл ауру түріне шалдыққан балаларға мемлекеттен қолдау да аз емес. 2015 жылы неврологиялық стандартқа сәйкес, эпилепсияға қарсы тегін берілетін дәрілер тізімі көбейді. Қоғамдық қордың ашылғананына көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де, тындырылған істері көп.  

«Үш жылдан бері «Вместе. Бірге» деген әлеуметтік жобамыз жұмыс жасап жатыр. Ол жоба аясында 300-500 балаға көмектестік. ЭКО анализдерін, қан құрамын тексеру анализдерінен тегін өтіп отыр балалар. Алдағы уақытта балаларға көмек ретінде оңалту орталығын ашқымыз келеді», – деді «Кең жүрек» қоғамдық қоры директорының орынбасары Динара МЕДИУМ.

«Кең жүрек» қоғамдық қорынан талай науқас кеңшлігін сезініп, көмегін алып жүр. Соның бірі -  7 жасар Самия. Ол эпилепсия аурының ең сирек кездесетін түріне шалдыққан. Анасының айтуынша, оның ауруы 3 айында анықталыпты. Нақты диагнозын қоя алмай талай мемлекеттік кеңселердің табалдырығын тоздырыпты. Қазір ол ерекше күтімде. Тамағын шет мемлекеттен арнайы тапсырыспен алдырады.

«Самияның жағдайы бүгінде күн санап тәуір болып келе жатыр. Осындай қорлардың көмегімен біраз аналаиздерімізді тегін тапсырып жүрміз. Алғысым шексіз. Жеке клиникалық орталықтарда мұндай анализдер өте қымбатқа жасалатыны белгілі», – деді Самийяның анасы Айгүл ОСПАНОВА.

Мерекелік шара аясында балаларға сыйлықтар мен тәттілер таратылды. Шара мақсаты - бүлдіршіндер жүзіне аз да болса күлкі үйіру. "Өмірге келген әр бала бақытты болуы керек" дегенді ұран еткен қоғамдық қор қызметкерлері алдағы уақытта осындай игі шараларын жалғастыра бермек.