Қаладағы жоғары оқу орнының 400-ге жуық студенттері Алмарсан шатқалын қоқыс пен қалдықтан тазартты. Осылайша олар еліміздің премьер-министрі бастаған «Бірге - таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына өз үлестерін қосты. Олар жалпы 8 шақырым аумақты аршыды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Осы эстафетаны Қазақстанның басқа да университеттеріне жібергіміз келеді. Өзіміз демалатын орындарымызды тазалықты сақтап, өз жеріміз, өз Отанымыз, өз табиғатымызды өзіміз аяламасақ, өзіміз таза ұстамасақ, кім таза ұстайды?», – деді студент Әмірхан МЕЙІРЖАН.
Сондай-ақ Жетісу ауданында да жастар мен әншілер қолдарына күрек, сыпырғы алып аудан аумағын қоқыстан арылтты. Сенбілік өтетіні туралы әлеуметтік желіде хабарланған. Бозбала мен бойжеткендер игі бастамын бірден қолдаған. Тіпті ағаштарға санитарлық кесу жұмыстарын да жүргізді.