Депутат баспана алу үшін жастардың жасын көтеруді ұсынды

Депутат баспана алу үшін жастардың жасын көтеруді ұсынды
Мәжілістегі Үкімет сағатында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мәселелері қаралды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәжіліс депутаты Гүлнар Иксанова жалға берілетін баспананы алу үшін қазақстандық жастардың жасын көтеруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы бері 19 мың пәтердің 34 пайызы 28 жасқа дейінгі қатысушыларға берілген.

«Жастардың немесе жас отбасылардың баспанаға қажеттілігі және онымен қамтамасыз ету бойынша толық мәлімет жоқ. Ал бұл ақпарат проблеманы шешудегі әдістерді жоспарлау үшін қажет. Бұған қоса, баспананың: қолжетімді ипотека, әлеуметтік баспана, тұрғын үй кооперативтері, жеке құрылыс сияқты түрлі нұсқасын қарастыратын уақыт жетті.», - деді ол мәжілісте жастар саясатын жүзеге асыру мәселелері туралы өткен үкімет сағатында.

Сонымен қатар, депутат Қазақстанның миллион халқы бар үш қаласында жастарға тұрғын үй бөлу мәселесіне тоқталды. Осы орайда, ол жастардың жасын 35-ке дейін көтеруді ұсынды.

«Жастар жасының жоғарғы шегі ретінде 29 жасты емес, 35 жасты алу керек шығар. Өйткені, басқа бағдарламалар бойынша, кейде адамдар келісімшартты рәсімдегеннен кейін үш жылдан соң баспананы сатып алу құқығын жүзеге асыра алмай қалып жатады. Себебі, жасы 29-дан асып кетеді», - дейді Иксанова.

Бұған дейін қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев Астана, Алматы, Шымкент қаласында жастарға айына 12 мың теңгеге жалдамалы пәтерлер ұсынылатынын мәлімдеген болатын. Жалға берілетін үйлерге 29 жасқа дейінгі жастар үміткер бола алады.


Новости партнеров