Қарағанды облысында жасөспірім Қызыл кітапқа енген құсты сатпақ болды

01.08.2024 16:55

Қазір осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды

elements.envato.com

Қарағанды облысында жасөспірім Қызыл кітапқа енген құсты интернет арқылы сатуға тырысқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Осакаров ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері хабарландыруды әлеуметтік желіден анықтаған. Жасөспірім Қызыл кітапқа енген дала бүркітін 400 мың теңгеге сатып жібере жаздаған.

Хабарландыру авторы 17 жастағы жігіт екені анықталды.

Жас жігіттің айтуынша, ол құсты даладан тауып алған және оның жойылып кету қауіпі санатына жататынын білмеген.

«Содан жас жігіт интернет-ресурстардағы бағаларды көріп, хабарландыру жариялаған. Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қауіпі төнген түрлеріне заңсыз қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлады полиция.

Істің мән-жайы анықталғанға дейін дала бүркіті Қарағанды қаласының хайуанаттар бағына уақытша сақтауға берілді.

Оқи отырыңыз: Семейде 2 жастағы бала 9-қабаттың терезесінен құлап кетті