Абай облысы Аягөз ауданының тұрғыны Оразхан Манабаеваныңесімі жергілікті халыққа жақсы таныс. Бәрі оны «такси апа» деп атайды. Бір қызығы, 40 жылдан бері темір тұлпарды тізгіндеп жүрген такси жүргізушісі осы уақытқа дейін бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Өзінің ғана емес, мініп жүрген көлігінің де «денсаулығын» жақсы күтетін ол қазір жапондық «Toyota 35»-ті жүргізіп жүргенін айтады.
Оразхан Манабаева – әзірге өңірдегі жалғыз әйел таксиші. Жастайынан техникаға әуес болып өскен ол Аягөздегі автомектепте оқып, практикалық, теориялық емтихандарды үздік бағаға тапсырған. Сөйтіп, алдымен «Запорожец» көлігін жүргізіпті. 76 жастағы таксиші қазір де сүйікті ісінен қол үзбеген. Таңғы жетіден жұмысқа кірісетін ол кешкі беске дейін аудандық ауруханаға келушілер мен ауруханадан шыққан адамдарды діттеген жеріне жеткізіп салады.
«Семей облысы Үржар ауданы Қызылқұм деген жерде туып-өстім. Үржардағы Абай атындағы мектепте оқыдым. Содан тоғыз жолдың торабы ғой деп, Аягөзге көшіп келдік. Үйде отағасымыз бар. Отасқанымызға 56 жыл болды. Үкімет құлап, қиын жылдар болды ғой. Сол кезден бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Төрт ұл, бір қыздан 16 немере, 6 шөбере сүйіп отырмыз. Кенже ұлымыздың қолында тұрып жатырмыз. Бұрын бала-шағаның қамымен жүрсек, қазір Құдайға шүкір дейміз. Үкіметтен алатын азын-аулақ зейнетақыны қанағат тұтамыз. Бірақ жасым келді деп, үйде отырып қалуға болмайды. Осы уақытқа дейін «Запорожец», «Жигулиден» бастап, «Ауди 80», «Ауди-80 Б4», «Фольксваген Пассат», «Тойота Камри» сияқты көліктерді тізгіндедім. Қазір «Toyota 35»-ті айдап жүрмін. Өзіме ұнайды, жайлы. Бұл – сегізінші көлігім», – дейді Оразхан Манабаева.
Такси жүргізушісі қасиетті жұма күні жолаушыларға жеңілдік жасауды әдетке айналдырған. Тіпті, көпбалалы аналардың қиналып тұрғанын көрсе, барар жеріне тегін апарып тастайды. Сонымен бірге немерелерін балабақша мен мектепке де өзі тасиды екен.
Бүгінде «Такси апа» атанған кейіпкеріміз елімізге ғана емес, шетелге танымал бола бастаған. Бір қызығы, кейіпкеріміз туралы еліміздегі журналистерден бұрын мәскеуліктер бірінші келіп, деректі фильм түсіріпті.
Дереккөз: Turkystan.kz