Соңғы тәуліктерде аталған баппен 3 дерек тіркеліп отыр
Арыста болған қайғылы жағдайдан кейін әлеуметтік желіде түрлі мазмұндағы қауесеттер тарап, елді одан сайын дүрліктірді. Солардың бірі – күні кеше «Шымкентте қуатты бомба жарылысы болады» деген ақпарат. Бүгін соны таратқан екі әйел ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 274-бабының 1 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Соңғы тәуліктерде аталған баппен 3 дерек тіркеліп отыр. ҚР Ішкі істер министрлігі тұрғындардың әлеуметтік желі және түрлі мессенджерлер арқылы таралатын жалған ақпаратқа сенбеуді және үрейге бой алдырмауды сұрайды. Еске сала кетейік, ресми ақпарат тұрақты түрде арнайы құрылған жедел штаб арқылы таралады.
«ҚР Ішкі істер министрлігі Арыс қаласында қайтыс болған адамдардың саны үшеу екендігін ресми түрде растайды. Әлеуметтік желі арқылы қайтыс болған адамдар саны одан да көп деген қауесет ақпараттардың жалған екендігін мәлімдейді. Егер де азаматтар зардап шеккен адамдар туралы қандай да бір қосымша деректерге ие болса, ресми түрде Ішкі істер министрлігіне шағымдануға шақырамыз», – деді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә ОРАЗ.