Адам Имранұлы: Қазақ елі, жері мен тілі менің жүрегімде

30.04.2021 в 19:50

Қазақстан өзге ұлт өкілдерінің өмір сүріп жатқан отаны, ұрпақтарының кіндік қаны тамған жері

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі жақындап келеді. Бұл – еліміздегі ең жарқын және мерейлі мейрамдардың бірі. Елімізде тұрып жатқан жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің киелі қара шаңырақта тату-тәтті өмір сүруі үшін береке мен ынтымақ, бірлік пен бейбітшілік аса қажет. Сондықтан  бұл мейрамның маңызы зор. Осы орайда Almaty.tv тілшісі Қазақстанды Отаным деп білетін шешен ұлтының азаматы Бойсаев Адам Имранұлымен сұқбаттасқан еді.

1-мамыр  – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі сіз үшін қандай мереке?

– Мен үшін, менің отбасым үшін бұл өте керемет мереке, себебі Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірлігін көрсететін ұлы мейрам. Айта кететін жайт, бірлік күні тек біздің Қазақстанда ғана тойланады. Еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың көрінісі ретінде бұл мерекені тойлау біздің де отбасымыздың дәстүріне айналған.

Мереке күнін отбасыңызбен қалай атап өтесіз?

– Бұл күн ерекше болғандықтан жақындарымызбен, достарымызбен, бірге тойлаймыз, түрлі мерекелік іс-шараларға қатысамыз. Ұлттық тағам жасап, бір дастарханда отырып әңгімелесеміз. Көктем келіп, күн жылынған уақытта бәріміздің басымызды қосатын әрі мәні де жоғары мейрамды шешен ұлтының азаматтары да жақсы көреді.

Қазақстанда қай уақыттан бері тұрасыз, Қазақстанның сіздің өміріңіздегі алатын орын қандай?

– Мен  шешен ұлтының азаматымен. Менің ата-бабаларым 1944 жылы наурыз айында Қазақстанға келген. Өзім Абай туған Семейдің киелі топырағында туып өстім. Қазақстан – менің туған жерім, осы өлкеде дүниеге келдім, мектепке бардым, әскер қатарында болдым, жоғары оқу орнын бітірдім, дамыдым және өстім. Қазақстанның даму жолы көз алдымда өтті, елдегі барлық мәдени-тарихи оқиғаланың куәгерімін. Сондықтан қазақ елі, қазақ жері, қазақ тілі менің жүрегімде ерекше орын алады.

Мереке күні қазақстандықтарға айтар жылы лебізіңіз, тілегіңіз бар ма?

– Қазақ елі – тәуелсіздігін алған егемен ел. Қазақстан өзге ұлт өкілдерінің өмір сүріп жатқан отаны, ұрпақтарының кіндік қаны тамған жері. Елімізді осы ауызбіршіліктен айырмасын дегім келеді. Бірлік бар жерде барлық қиындықты жеңуге болады. Сонымен қатар, биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл  толып отыр, қазақстандықтарды осы атаулы мерекемен де құттықтағым келеді. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін!

Сұхбат бергеніңізге рахмет!