Салдарынан 9 адам зардап шекті
Алматыда автобус пен жүк көлігі апатқа ұшырап, салдарынан 9 адам зардап шекті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жол-көлік оқиғасы бүгін таңертең Наурызбай ауданына қарасты Әшімов көшесінде болған. Ресми ақпарға сүйенсек, солтүстік бағытта келе жатқан жүк көлігінің жүргізушісі Шаляпин көшесіндегі аялдамаға тоқтаған №137-бағыттағы қоғамдық көлікпен соқтығысқан.
– Инерция салдарынан қоғамдық көлік жолдың шығыс жағына шығып кетіп, жеке тұрғын үйдің қоршауына соқтығысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, ЖКО салдарынан автобустың 9 жолаушысы зардап шекті. Жол-көлік оқиғасының басқа да мән-жайлары анықталуда, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Апат салдарынан 9 адам ауруханаға жеткізілген. Олардың жағдайына қатысты мәлімдеме жасаған дәрігерлер азаматтардың толық тексерілуден өткенін хабарлады.
– Қажетті медициналық тексеруден кейін 2 адам политравма бөлімшесіне емдеуге жатқызылды. Соның ішінде реанимация бөлімшесіне жатқызылған жолаушы да бар. Екі пациенттің де жағдайы тұрақты, ауыр. Қалған жолаушылар қажеттері медициналық тексеруден өткеннен кейін амбулаториялық емдеуге жіберілді, – деді №7 қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Асылбек Ембердиев.
Оқи отырыңыз: Шымкентте қарулы қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды