Қазақстанда айыппұл мөлшері төмендейді

24.04.2019 16:57

Әкімшілік құқық бұзушылықтардың жекелеген санкцияларын жеңілдету және төмендету қарастырылып отыр

«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында айыппұл мөлшерін азайту қарастырылып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, құқық қолдану тәжірибесі негізінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы одан әрі жетілдіріп, әсіре жұмсарту бойынша мәселелерді пысықтады», - деп тоқталды М. Бекетаев.

Осы орайда, әкімшілік құқық бұзушылықтардың кейбір құрамдарын алып тастау ескеріліп отыр.

«Реттеуші органдардың ұстанымына сәйкес, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың кейбір құрамдарын азаматтық немесе тәртiптiк iс жүргiзу арқылы қарауға болады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта мемлекеттiк органдардың бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру және оларды автоматтандыру сияқты іс-шаралар орындалуда. Бұл ретте заң жобасымен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың отыз екі құрамдарын алып тастау ұсынылады», - деді министр.

Бұдан бөлек, әкімшілік құқық бұзушылықтардың жекелеген санкцияларын жеңілдету және төмендету қарастырылып отыр.

«Әкімшілік құқық бұзушылық санкцияларына жүргізген талдау оларды жеңілдетуге және азайтуға мүмкіндік бар екенін көрсетті. Мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары және талдау мен статистикалық деректері бойынша қырық төрт айыппұлдың мөлшерін азайту, он құрам бойынша әсіре қатаңдықты жұмсарту, алты құрам бойынша ескерту енгізу ұсынылады», - деді Марат Бекетаев.