Биыл судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша «Жаз-2019» атты шаралар жоспары әзірленген. Құтқарушылар 26 мамырдан бастап күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағы басшысының міндетін атқарушы Серік Шериязданов мәлім етті.
«Биыл шомылу маусымында аймақтағы өзен-көлдерде адам өліміне жол бермеу мақсатында облыс әкімінің «Павлодар облысының су шаруашылығы нысандары мен су шаруашылығы орындарында демалыс, туризм және спорт орындарын бекіту туралы» қаулысы бекітілді. Осы құжатқа сәйкес, облыс аумағында ресми түрде 17 коммуналдық жағажай жұмыс істейді. Оның үшеуі – қалалық, қалған 14-і - аудандық. Егер де тұрғындар арнайы жабдықталмаған орындарда суға түсетін болса, жергілікті полиция қызметі Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 364-бабына сәйкес, суды пайдалану ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқылы. Демек, ол адамға 2 АЕК көлемінде 5000 теңгеге жуық айыппұл салынады. Ресми деректерге сүйенсек, былтырғы жылы өңірде 24 адам суға батып кеткен. Оның сегізі – балалар. Барлық жағдайлар арнайы шомылуға жабдықталмаған орындарда тіркелген. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша 16 ересек адамның 9-ының қанынан алкоголь табылған. Яғни, мас күйінде суға түскен. Соңғы 10 жылдағы статистика бойынша аймақта 228 адам суға батып өлген. Оның 47-сі – балалар және орта есеппен 95 пайызы шомылуға арналмаған орындарда суға түскен», - дейді Серік Шериязданов.
Былтыр ресми түрде 27 жағажай жұмыс істеген болатын.
«Ол жерде құтқарушылар бөлімдерінің кезекшілігі ұйымдастырылып, ақпараттық стендтер орнатылады. Ресми түрде ашылған жағажайларда қайғылы жағдайлардың орын алуына жол берілмеген. Сондықтан тұрғындардан арнайы жабдықталған орындарда ғана шомылуды сұраймыз. Себебі, жыл сайын қайғылы оқиғалар жабдықталмаған орындарда тіркеледі. Мұндай орындар сүңгуірлер тобымен зерттелмейді. Ол жерде шұңқырлар мен металл, шөлмектердің кесірінен жарақат алуға болады. Ресми жағажайдың ашылуы алдында су айдыны бекітілген пайдаланушының өтініші бойынша судың түбі тексеріледі. Егер шұңқыр болса, шомылуға тыйым салынады немесе белгі қойылады», - деді Өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының басшысы.