Ерлан Қошанов несие беру тәртібін қатаңдатуды талап етті

Almaty.tv.
Almaty.tv.
1,5 миллионнан астам азамат қарызын уақытылы қайтара алмай отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда биыл 12 адам несиесін төлей алмай өз-өзіне қол жұмсаған. Бұдан бөлек, қарызға белшеден батқандар қарақшылық, тонау және ұрлық жасаған. Бүгін Мәжіліс қабырғасында азаматтарды несиелендіру мәселесі қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл жыл басынан бері 12 қазақстандық несиесін төлей алмағанның кесірінен өзіне-өзі қол жұмсаған. Мұндай қорқынышты статистиканы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтып отыр. Полицейдің сөзінше, несиеден құтылу үшін қажетті ақшаны табу мақсатында 40 азамат түрлі қылмыс жасаған.

– Әрине, несиені рәсімдеу кезінде адам оны қайтара ала ма, жоқ па – ойлануы керек. Бірақ қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан олар  алды-артын бағамдай бермейді. Салдарынан қарызы көбейіп, оны төлеу мүмкіндігі болмай қалғанда несие алушылар суицид қана емес, түрлі қылмыс жасайды. Биыл 12 азамат өз-өзіне қол жұмсаған.  Қыркүйекте осындай фактінің бірі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды, – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламенттік тыңдау кезінде несие проблемаларын атап өтті. Оның айтуынша, қаржылық ұйымдар жеңіл несие бергендіктен, бұқара қарызға белшеден батып отыр. Жарқыраған жарнама мен онлайн рәсімдейтін кредит адамдарды баурап алады. Қазір 14 пен 16 жас аралығындағы жеткіншектер де әп-сәтте қарыз алады. береді. Ал оны кейін ата-аналары маңдай термен тапқан ақшасынан қайтарады. Ерлан Қошанов несие беру тәртібін қатаңдатуды талап етті.

– Халықтың шамадан тыс кредит алуы мемлекеттік әлеуметтік саясатына да салмақ түсіруде. Енді егер жөн-жосықсыз кредит алу азаймайтын болса, мемлекет тарапынан халықтың табысын арттыруға бағытталған шараның нәтиже беруі екіталай. Бұл – әр отбасыға қатысты өткір мәселе, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Парламенттік тыңдауда қаржы нарығын реттеу агенттігі тұтынушылық несиенің максималды сомасын шектеуді ұсынды. Сондай-ақ «жалақыға дейін» деп берілетін несиелерге де тыйым салу мәселесі айтылды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, мұндай шектеуді орната бергенше, халықтың айлығын көтеріп, табысын арттыру керек.

– Бұл жерде ең негізгі мәселе – кедейлікпен күресуіміз керек. Егер халық кедейліктің шеңберінен шығатын болса, онда олар кредитті де аз алатын болады. Кейбір ауыл тұрғындары ұн, нан, макорон, ет алу үшін несие алады. Сондықтан қазіргі таңдағы ең негізгі мәселе – халықты кедейліктен құтылу  амалын қарастыруымыз керек, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Бүгінгі жиында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі де көп айтылды.

– Табыс көзін арттырып, инфляцияны төмендету қажет. Үшіншіден, адамның қаржылық жағдайын жақсарту керек. Халық қаржылық сауатты болғанымен, олардың табыс көзі болмаса, несие алуға мәжбүр болады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 8 миллион 400 мыңнан көп адам несие төлеп отыр. Ал 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі 1 триллион 400 миллиард теңге екен. Яғни, 1,5 миллионнан астам азамат қарызын уақытылы қайтара алмай жүр.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана


Оқи отырыңыз: Президенттік жастар кадр резерві: 273 алматылық өтінім берген

Новости партнеров