ҚР Премьер-Министрі әр отбасығашаттық пен молшылық тіледі
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Құрметті қазақстандықтар!
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Тіршілік атаулыны түлетіп, жер-жаһанға ізгілік нұрын себетін Әз-Наурызды еліміз дархан пейілмен, жаңаша мазмұнмен атап өтуде.
Бағзыдан ырыс пен берекенің алтын арқауы, молшылық пен игіліктің қайнар бастауы болған ұлық мереке – халқымызды мұратқа жеткізер мызғымас бірліктің, іргесі берік, еңсесі биік елдіктің жаршысына айналды. Жаңарған жыл кемел келешектен үкілі үміт күткен еліміз үшін жасампаз істерге әрі табысқа толы болғай. Әр шаңырақтың ырзық-несібесі артып, арман-мақсаттары орындалсын.
Рухани құндылықтарымызды дәріптейтін Наурыз мерекесі құтты болсын. Қашанда отбасыларыңыздан шаттық пен молшылық кетпесін!
Ұлыс оң, ақ мол болсын!
Ізгі ниетпен,
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов