Алдымен әдеттегідей жаздағы жүздесуді қорытындылау үшін аудан әкіміне сөз берді. Бекқали Торғаев халық алдында атқарылған жұмыс бойынша кішігірім есеп берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, тамыз айындағы кездесуде 91 ауызша және жазбаша сұрақ түскен. Оның 33-і оң шешім тауып, 40-тан астамына тиісті жауап беріліпті. Ал 10 сауал әлі қарастырылу үстінде. Қойылған сұрақтар маңыздылығына қарай жүйелі түрде шешіліп жатыр.
«Халықтан түскен талап-тілектердің ешқайсысын назардан тыс қалдырмадық. Мүмкіндігіне қарай қарастырудамыз. Өткен кездесуде қауіпсіздік үшін жол белгілерін қою туралы мәселе көтерілді. Келесі жылы Алмалы ауданында 9 бағдаршам орнатылады. Көшені жарықтандыру жайы да назарымызда. Және де ауданымызда 244 аула жөндеуден өткізу қажет. Келесі жылы 192-сін жөндеуден өтеді, қалған 52-сін 2021 жылы қамтитын боламыз», – деді Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Бекқали ТОРҒАЕВ.
Дәл қазір өтіп жатқан кездесу сағат 10:00-да басталды. Осы уақыт аралығында 20-дан жуық түрлі саладағы сұрақтар қойылды. Микрофонға кезекке тұрған халықтың басым бөлігі пәтер иелері кооперативтерінің бассыздығын айтып, аудандағы ойын сауық орындары тыныштық бермейді деп шағымданды. Тіпті кейбіреулері экологияны жақсарту бойынша ұсыныстарын да ортаға салды. Толығырақ Алмалы ауданы тұрғындарын қандай мәселелердің алаңдататыны жайында кешкі жаңалықтардан білесіздер.