Қайғылы хабарды бұрынғы жұбайы Дана Нұржігіт таратты
Қазақстандық тележүргізуші, медиаменеджер, «Хабар» агенттігінің бұрынғы басшысы Владимир Рерих 66 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл хабарды В. Рерихтің бұрынғы жұбайы Дана Нұржігіт Instagram желісінде жазды.
«Володя, Владимир, Владимир Ахмадьянович Рерих бүгін Берлинде дүниеден озды. 1996 жылы 11 наурызда танысқан өзіңмен 2000 жылдан 15 жыл отастық. Ұлды болдық. Түсініспеген жерден мен Қазақстанда қалып, сен Германияға кеттің. Бірақ, сен менің тұлға болып қалыптасуыма, маман болып өсуіме, ана болып бала тәрбиесінде неге мән беру керектігіме зор ықпал еттің, ақылшым, сапалылық, даналық, ар, кәсібиліктің биік өлшемі болдың. Парасатың, білімің, шешендік өнерің, зиялылығың ерекше еді», - деп жазды Дана Нұржігіт.
Владимир Рерих 1958 жылы Талдықорған қаласында туған. 1987-1994 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында режиссердің көмекшісі, кинохроника редакторы, хроникалық фильмдер студиясының көркемдік жетекшісі болған.
1996-2003 жылдары – «Хабар» телеарнасында бағдарламалар директоры, бас директордың орынбасары, вице-президент, бас директор болды.
Әр уақытта және түрлі телеарналарда «Майдан», «Не істеу керек?», «Тұлға формуласы» деректі фильмдерін түсірді.
2005 жылы – «Асар-Қазақстан» газетінің бас редакторы, 2006-2012 жылдары – Еуразия Медиафорумының бас продюсері, оқытушы болып қызмет еткен.
Соңғы жылдары В. Рерих Youtube платформасында авторлық жобалар жасаумен айналысты.