Есептік кездесудің алдында қала әкімінің орынбасарлары тұрғындарды қабылдады

19.02.2020 19:03

Бір сағатқа жалғасқан қабылдауда әкім орынбасарларына 30-ға жуық азамат өз мәселелерін айтып үлгерді

Аlmaty.tv

Кәріз желісі, ауыз су мәселесі. Сапалы медициналық қызмет. Қала аумағы үлкейіп, халық саны өскен сайын туындайтын мәселе де көп. Алайда көпшіліктің көңілін күпті ететін шаруалар дер кезінде шешіліп те жатыр. Қала басшысының есебі басталмас бұрын тұрғындарды қабылдаған әкімнің орынбасарлары келгендерді дәл сол Халық аренаның ішінде жеке қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Алматы әкімдігінің барлық қызметкерлері халықты жеке қабылдауға олардың айтар өтініштері мен туындаған мәселелерін тыңдау үшін таң атпастан кірісіп кетті. Қала басшысының есебі басталмастан бұрын әкім орынбасарлары мен аудан әкімдері түрлі сұрақтармен келген тұрғындарды біртіндеп қабылдады. Бір сағатқа жалғасқан қабылдауда әкім орынбасарларына 30-ға жуық азамат өз мәселелерін айтып үлгерді.

Бұдан бөлек, тұрғындарды толғандырған сауалдардың көбі су, кәріз жүйелері, экология, жер қатынастары сияқты тақырыптарды қамтыды. Олардың проблемаларын асықпай тыңдаған қала әкімінің орынбасарлары тиісті жауаптарын берді. Ал, қабылдауға жетіп үлгермей қалғандар өтініштерін жазбаша да түрде де қалдырып жатты.

Мәселен қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаевқа ескі үйлерді сүру мәселелесімен қала тұрғыны Айгүл Усалинова жүгінді. Алмалы ауданының тұрғыны өздері тұратын екі қабатты ескі үйді сүріп, орнына көпқабатты үй салуға ықпал жасауын сұрады. Жоба тиісті орындарға жіберіліп ары қарай шешімін табатын болады.

«Әр алматылықтың қалдырған жазбаша өтініші де, айтқан мәселесі де ешқашан қараусыз қалмайды. Әр шаруа жеке-жеке тиісті жауаптылар мен және тиісті орындарға жолданып тапсырылатын болады. Жалпы әкімдік өкілдері бүгінгі қабылдауда көтерілген мәселелердің дені шешімін табады деп сендірді», - деді қала тұрғыны Айгүл УСАЛИНОВА.

«Әкім есебіне келген тұрғындар дәл осындай  аталмыш қабылдаулар жиі өтіп тұрса деген талап, ниеттерін білдірді. Дегенмен соңғы жарты жылда біраздан бері шешілмей келген шаруалар шешімін тапты дейді ел», - деді қала әкімінің орынбасары Мұхит ӘЗІРБАЕВ.

Назкен Еркін, Валерий Таубалдиев «Алматы» телеарнасы