Алматы облысында педофилдің құрбаны бола жаздаған 15 жасар қыз өзіне қол жұмсап өлді. Бойжеткен 19 жастағы танысы іске асырмақ болған зорлық әрекеттерге қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанына қатты қапаланса керек, деп хабарлайды 1tv.kz.
Жас қыз 9 маусым күні суицид жасады. Бірақ одан өлмей тірі қалған бойжеткен үш күн комада жатып, қайтыс болды. 15 жасар қыздың мұндай қадамға баруына өткен жылдың қыркүйек айында орын алған оқиға себеп болған.
Бәленің бәрі 19 жастағы таныс жігітінің туған күнге шақыруынан басталады. Сөйтсе, ешқандай туған күн емес, жігіт қызды уысына түсіру үшін осылай істесе керек. Өзінің алданғанын қыз жігіт тап берген кезде бір-ақ білген. Сонда да оның ырқына беріле салмай, барынша қарсылық көрсетіп, педофилдің уысынан сытылып шыққан.
Ең сорақысы – 15 жастағы жасөспірімді зорламақ болған жігіт эстрадаға енді ғана қадам басып келе жатқан жас әнші болып шықты.
«Баламды қорғай алмай қалдым. Сіздер біздің қалай қорланғанымызды білсеңіздер ғой. Қызым болған жайды баяндап бергенде, мен өзімді қалай сезінгенімді сіздерге айтып жеткізе алмаймын. Жігіті қызымды жеделсатыға күштеп апарып зорламақ болған. Бірақ ол қарсыласып, ебін тауып қашып кеткен», – деді марқұм қыздың анасы Әлия Оразбаева.
Бұл жағдайдан кейін жасөспірім қатты күйзеліске ұшыраған. Анасының шағым түсірейік деген үндеуіне ол «жамантты болмайық» деп қарсылық танытқан. Бірақ баласының абыройын төкпек болған жігіттің ісіне шамданған анасы айтқанынан қайтпай қойған.
«Қылмыстық кодекстің 122-бабы бойынша іс қозғалды. Яғни, қыз бен жігіттің арасында бәрі өзара келісіммен болған дегенді меңзейді. Мұны қалай түсінуге болады? Қыз тергеушілерге берген түсініктемесінде оның уысынан сытылып шығу үшін қалай жанталасқанын айтып берген. Ал жігіт болса, оны лифтіден шығармауға тырысқан», – деді «Не молчи KZ» қоғамдық ұйымының жетекшісі Дина Смаилова.
Алайда оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық іс тым ұзаққа созылып, ақыр соңы жабылып тынған. Істің жабылғанын естіп, әбден қорланып, жүйкесі сыр берген жасөспірім Алматы облысының аумағында өзіне қол салған. Осыдан кейін аймақ полицейлері басқа бап бойынша істі қайта ашыпты.
«Кәмелет жасқа толмаған қыздың қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабына сәйкес, өз-өзін өлтіруге жеткізу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарымен, Іле аудандық полициясы айналысуда. Айта кету керек, Алматы облыстық Полиция департаменті осы тергеу ісін өз бақылауына алды», – деді Алматы облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Серік Үпиев.